Анамен өткен бір күн

Ананың  махаббаты сарқылмас қазына, таусылмас байлық іспетті. Оның  ошақ қасы, отбасы  асы, одан бөлек таңертеңнен кешке дейінгі үйдегі тұрмыс - тіршілік қамын ерен еңбекке бағаламасқа болмас. Тіпті,  әр күні тарих. Ал анамен өткен бір күн біз үшін тамаша тәжірибе.

 

 

 Бүгін біз айдардың алғашқы санында  Өтебалиева Гүлнәрдің бір күндік өмірін бақылаған болатынбыз.

 Кейіпкеріміз   Алматы қаласының тұрғыны.  Әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша спорт шебері. Ұлты  татар болса да  қазақ жігітке тұрмысқа шығып, отбасыны айрандай  ұйытып отырған жайы бар.

 

 Мына зәулім үй әдемілік пен сәндіктен бөлек,  шаттық  пен  қуаншышқа толы.  Бұл шаңырақ астында    олар көп жыл отасып ғана қоймай,  отбасы ұлтаралық татулықтың іргесін қалап отырғанын айта кету керек.

                                               

 Гүлнәрдің анасымен үйде 6 адам тұрады. Бүгінде  олардың Эвелина, Амелия, Исабель, Орнелла атты қыздары бар.  Эвелина 21-де, Амелия 9-да, Исабель 7-де, Орнелланың жасы  5-те.  Үлкені   шет елде білім алып жатыр. Жастары әлі  кіші болса да үшеуінің болашағына қатты алаңдайтын анасы жалпы өмір сүру үрдісіне үлкен мән береді .     

Ол күнделікті Таңғы 6.30 –да  ұйқысынан  оянады. Ал біз қауырт  күннің қызығынан  құр қалмайық  деп ертесімен барып алдық.

Үй иесі болса бірден ас әзірлеуге кірісіп кетті.

 

Ас дайындап болғаннан кейін балаларын сағат 7.00-де ұйқыдан оятты.

 

Балаларды   оятқанда бетінен сүю  кейіпкер үшін әдетке айналған.

Оның айтуынша, «таңертеңгі көңіл-күй  жақсы болуы қажет, себебі, ол күні  бойына әсер етпек»

 

Қыз бала  қашанда қолғабыс ғой.  Амелия анасына көмектесіп жатыр.

Ал Гүлнәр ерінбей,  күнде қыздарға әр түрлі шаш үлгісін жасап отырады  екен.

Олардың шаш қыстырғыштары, резіңке, жинағыштары рет-ретімен салынып тұрады.  Түр-түрімен, тіптен, түс-түсімен...

 

Суреттерге қарап-ақ, кейіпкеріміз шашқа аса көңіл бөлетінін бірден аңғаруға болады. 

 

Әр күні киетін мектеп формасына да  мән беретін Гүлнәр қыздарға оны өзі таңдап береді.

Жинақылық, ұқыптылық  қыз үшін үлкен маңызға ие екендігін  балаларына жиі айтып отыратын көрінеді. Сөзінен ғана емес, ісінен де мұны байқауға болады. Десе де, бала кезінен қыздардың ұғынып өскендігі сонша бәрін айтқызбай-ақ  істейді.

Таңғы асқа да уақыт белгілеп қойған. Киініп болғаннан соң қыздар  7.30- да  тамақтануға келді.

Сағат  7.55. Кішкентайдың қылығына қызығып  отырып, сабақтан қалып қоя жаздадық. 

Үлгердік-ау..

 Уақытында апарып, үйге қайтадан жол тарттық.

 

Бір  қызығы, бұл үйде  тәртіп, нақтырақ айтқанда күн режимі қалыптасқан.

Үйдегілердің айтуынша, бұл  үақыт үнемдеудің таптырмас тәсілі.

Сағат 9.00 болып қалыпты. Гүлнәр  ғаламторда байланыс орнатып жатыр.  Шет елде білім алып жатқан үлкен қызы  Эвелинамен сөйлесу үшін желіге шығуда.

  • Балалар сабақтан нешеде келеді?
  • Орнелланы сағат 11.00-де сабақтан алып келу керек.  Ал қыздардың  біреуі 13.30-да, екіншісі 14. 30-да сабақтан шығады.  Оған шейін тамақ жасап кетуім қажет (күлді). 

Кейіпкер  әзірше  бәліш  пісіріп қоюда.

Бәліштің жартысын әзірлеп кетіп, барып Орнелланы алып келдік.

Қазір  ас бөлмесіндеміз. 

Тәртіп бойынша, сағат 13.00 болмай тамақ әзірленіп болуы тиіс.

 

 

Гүлнәрдің ас бөлмеден кейінгі  келесі бағыты  мектеп. Ендігі кезекте, екі қыз.  Ал, кеттік!

 

Балаларға барып  келдік.

Келе салып не істейтінін білігіміз келіп, кейіпкерді емес, бұл жолы балаларды бақыладық. 

Қыздар пианиноның құлағында ойнайды екен.

 

Түскі ас уақыты болды. Қыздармен бірге біз де  тамақ ішуге бардық.  Бәліштің дәмі тіл үйірерлік... Бәріне қалай үлгереді-ау?!

Бір жақсысы, қыздардың  әжесі де Гүлнәрға қолынан келгенше қолғабыс етіп тұрады. 

 

Ауқаттанып алғаннан соң қыздармен бірге жоғарыға көтерілдік. Қыздар сабақ оқып  жатыр. 

Содан кейін  режим бойынша олар бимен айналысып, пианинода ойнауға,  ойынға, жүзуге арнайы  уақыт бөледі екен.

 

Кішкентай Орнелла да  қыздардан қалмай, анасымен бірге  сурет салып жатыр.  Оның бұл  сүйікті істерінің бірі.

Қыздар сабақ оқып болғанша Гүлнәр  үй жұмыстарымен айналысуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейіпкер үшін тазалық бірінші орында. 

Айтпақшы, мына темірлерді балақайлардың қауіпсіздігі үшін жасап қойыпты. Сол себепті астыңғы қабаттың есігі де темір қоршаумен жабулы тұрады.

Бос уақытында  кейіпкер  өз  қызығушылығымен айналысады. Суретте төрт  қызы үшін тоқыған жемпірлері.

Балалар сабақтарын аяқтап, ойынға келді.

Қазір біз  жаңағы темірмен қоршалған астыңғы қабаттамыз. Бұл жақ толықтай балалардың еншісіне берілген. Турасын айтқанда, ойын ойнауға арналған үлкен зал осында.

 

«Бақытты балалық шақ»

 Өзі көрмегенін баласы көргенін қалайтын ата-ана, шіркін!

Кейіпкер залдың әр бұрышын  әр түрлі арнайы  бөліктерге бөліп қойған.

Амелия отырған жер  спорт бөлімі. Одан кейінгі тұрған жер  сәби өміріне арналған. Арғы жағы ас бөлме болса керек.

Одан қалды, бөлмеде  дәрігердің киімдері мен  қобдишасы да бар.

Мына заманда ойыншықпен ойнайтын балалар бар екенінің тағы бір айқын дәлелі, міне. Қыздар бала кезінен  «Монтессори» әдісімен тәрбиленген. Әдістің бір ерекшелігі, қолданған затын ескертусіз жинап орнына қояды.

Орнелла отырған орынның да өзіндік өзгешелігі бар.

Тіпті, әр  ойыншыққа орын, қуыршақтарға да үйшік арнап қойған.

Мұнда үлкен қуыршақтар бөлек, жұмсақ ойыншықтар, құрастырғыштар бөлек, кішкентай ойыншықтар бір-бірінен бөлек тұрады.

Ал мына бөлмеде бассейн орналасқан. Сондай-ақ, Амелия мен Исабель  осында бимен шұғылданады.

 

«Болмасаң да ұқсап бақ» Абай ата  айтпақшы, Орнелла екі апасына қарап тырысып бағуда. Бұл балақайдың қылықтары тәтті-ақ. Кішкентай болса да өз дегенінен қайтпайды.

«Бір оқпен екі қоянды атып...»

Кейіпкер қыздар  дайындалып жатқан уақыт аралығында бос тұрмайын деп, кілем тазалауда.

Орнелла неге жылап жатқанын білесіздер ме?

Балақайдың   тезірек бассейнге түскісі келіп жатыр.  Күніне бір рет бассейнге түспесе болмайды. Олар үшін   бұл әдетке айналған. 

 

Гулнара ханым спорт шебері болғаннан кейін қыздарын да туғанынан бастап жүзуге баулыған. Оның айтуынша, болмыс-бітім мен шымыр денсаулық үшін аталмыш спорт түрінің маңызы зор .

 Кеш батып барады.

 

 

Әлбетте,  әженің ғибратты әңгімелері мен ертектерін тыңдап ғана балалар ұйқыға жатады.

Екі ұлттың басы біріккен бұл отбасы талайларға үлгі, өнеге. Ал ананың балаларының болашағы үшін күні-түні тыным таппауы таңғалдырғаны рас.

Не дегенмен, өмірге шыңдап, бала шағынан шаршамауға үйретіп жатқаны қуантады.

Күні бойы бірге әрі -бері жүгіріп жүрсек те оларға қарап, шаршағанымызды ұмытып та кеттік. Көргеніміз- бір бөлек, түйгеніміз көп.

 

 

Ананың бір күнін бақылаған:  Жазерке Қаратаева

Фото: Арслан Мұхамеджанов

0
түсініктер
Анамен өткен бір күн
Қарау
Жаны сұлудың тәні сұлу
Қарау
Жаны сұлудың тәні сұлу
Қарау
Өмір style: Рүстем Нұржігіт
Қарау
Жаны сұлудың тәні сұлу
Қарау
Жаны сұлудың тәні сұлу
Қарау
Жаны сұлудың тәні сұлу
Қарау